Алматыда қала күні тойланады
- 18 September 2023
Жыл сайын қыркүйектің үшінші жексенбісінде Қазақстанның бұрынғы астанасы – Алматыда қала күні тойланады
Мереке қарсаңында қалалық бірінші емхананың психолог маманы Қожагелдиева Әлия Асқарқызы ұжымға “Алматы - сүйікті қалам” атты презентация өткізді.
Алматы – Тянь-Шань тауларының солтүстігінде, Іле Алатауының баурайында, Қазақстанның оңтүстік-шығысында орналасқан қала. Кей деректе біздің заманымызға дейінгі 7 ғасырларда бұл маңды сақтар, кейіннен үйсіндер мекендегені туралы дерек бар. Себебі сол кезеңнен көптеген қорған мен қамал сақталған. Алматы маңы Есік қорғанынан табылған "Алтын адам" соның бірден бір дәлелі.
Одан кейінгі 10-14 ғасырларда осы аймақтағы қалалар Ұлы Жібек жолының бойындағы сауда-саттыққа ілініп, қолөнер мен ауылшаруашылығының орталығына айналған. Алғашқы Алматы атауы жазылған заттар да осы кезеңге тиесілі. Алайда Ұлы Жібек жолының ыдырауына байланысты қала өмірі де құлдырай бастайды.
1865 жылы он бірінші сәуірде Верный бекінісінің атауы өзгертіліп, Алматинск қаласы болды. Алайда дәл осы жылы "Дала комиссиясының" шешімімен бұл атау өзгертіліп, Верный қаласы болып ауысты. Қала атауын алған Верный Вернинск уезі мен Жетісу ауданының орталығы болды.
Алматы алманың отаны саналады. 1921 жылы Верный атауы Алма-Ата деп өзгерту туралы шешім қабылданды. Бес жыл өткен соң қалада Түркістан-Cібір теміржолы салынатын болды. Түркісіб құрылысы бұл қаланың Қазақстанның астанасы болуға ықпал етті.
Осылайша, 1927 жылы екінші наурызда ҚазАКСР астанасы Қызыл-Ордадан Алматыға көшірілді.
Алматы атауы қалаға 1993 жылы берілді. Ал Қазақстанның тұңғыш президенті шешімімен 1997 жылы ел астанасы Алматыдан Астанаға ауыстырылды.
1998 жылдың 1 шілдесінде Алматы қаласының мәртебесі туралы жаңа заң қабылданды. Соған сәйкес, Алматы қаласы республикалық маңызға ие қала болып бекітілді.
Бүгінде 2 млн-нан астам тұрғыны бар Алматы - экономикалық, саяси белсенділігімен бірге ғылым мен білім орталығы, елдің мәдени ошағы.