- 29 November 2021
Әлемді әбігерге салған коронавируспен балалардың да ауыратыны белгілі болды. Сондықтан елімізге жеткізілген Pfizer вакцинасы ең алдымен балаларға, жүкті аналар мен бала емізетін аналарға салынады. Алматыда балаларға екпе салу қалай жүріп жатыр? Қыс мезгілімен қатар келетін маусымдық вирустардың алдын қалай аламыз? Бұл сауалдарға Алматы қаласы №1 қалалық емхананың бөлім меңгерушісі, жоғары санаттағы педиатр-дәрігер Бақытгүл Рақышева жауап берді. Jas qazaq: Бақытгүл Уәлиқызы, Алматы қаласы бойынша балалар арасында екпе салу деңгейі қандай? Қаламызда вакцина түрлері жеткілікті ме? Б.Рақышева: Бүгінде қаламыз бойынша балаларға коронавирусқа қарсы және тұмауға қарсы екпе салу қарқынды жүргізілуде. Қазір емханада балаларды қабылдау екі бөлек жүргізіледі, яғни таза аймақта екпе алатын балаларға қызмет көрсетіледі. Ал екінші аймақта вирус жұқтырған балаларға дәрігерлік көмек көрсетіледі.
Олардың кіру-шығу жолдары да бөлек. Бүгінде қаламызда уақытында алынатын екпелер 70-80 пайызға дейін орындалып жатыр деуге болады. Сонымен қатар менингит, А гепатиті, В гепатитіне қарсы екпелер де уақытында салынып жатыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бекітуі бойынша, қазір балаларға, жүкті аналар мен емізулі аналарға Pfizer вакцинасын салу басталды. Бұл вакцинаны Канада, АҚШ елдерінде салып үлгерді. Біздің елімізге енді келді. Біз ата-аналарға Pfizer екпесі туралы толық мәлімет беріп, ақпараттандыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Ата-аналар тарапынан туындаған сауалдарға жауап береміз. Бүгінде біздің емханада 38 балаға екпе салынды. Олар екпе алғаннан кейін үш күн бойы дәрігердің бақылауында болды. Осы күнге дейін екпе алған балалардан кері әсер байқалмады. Jas qazaq: Қыс мезгілінде тұмау немесе жіті респираторлық вирусты инфекция (ЖРВИ) өршіп кететіні белгілі. Осы кеселдің алдын алу бойынша қандай шаралар атқарылуда? Б.Рақышева: Иә, суық түскенде қаламызда ЖРВИ вирусы өршіп кетеді. Әсіресе, бұл вирус мектеп пен балабақшаға баратын балалардың арасында тез таралады. Бұл вирус ауада таралатындықтан, балалардың ойнайтын ойыншықтарынан да жұғуы мүмкін. Вирустар мен бактериялар тыныс алу жолдарына, шырышты қабыққа түсіп, зиянды заттар бөліп шығарады. Сосын олар қан арқылы барлық ағзаға таралады. ЖРВИ-мен балалар және иммундық жүйесі әлсіреген адамдар жиі ауырады. Ауырғаннан кейін иммунитет әлсірейді.
Сондықтан әр адам жыл сайын 3-4 және одан да көп рет ауруы мүмкін. ЖРВИ әдетте кенеттен басталады. Жұқтыру мен ауру арасында орташа алғанда, шамамен 2 күн өтеді. Ауырар алдында адам болдырып, әлсірейді. Ашуланшақ болады. Содан кейін басы ауырады, бұлшық еттері сырқырап, дене қызуы көтеріледі. Терлей береді. Тамағы ауырып, жөтел пайда болуы мүмкін. Кейбір жағдайларда тыныс алу жолдарының зақымдануынан конъюнктивитке шалдығуы мүмкін. Бүгінде қаламызда бұл вирустың таралуы 1-2 апта бойы сақталуда. Аурудың таралуы әр кезеңде де болуы мүмкін. Сондықтан адам ауру жұқтырғанын сезбей де қалады. Ал балаларда мүлде байқалмауы мүмкін. Басында бала сәл мазасыздана бастайды.
Оны ата-ана байқамай қалады. Кейін ауру өршігенде барып, ЖРВИ екені белгілі болады. Тиісті дәрілерді қабылдаған жағдайда 3-4 күн ішінде бала сауығып кетеді. Аурудың беті қайтпаса, бірден дәрігердің көмегіне жүгінуі керек. Балалары ЖРВИ вирусымен ауырған ата-аналарға айтар кеңесіміз: балада вирустың белгілері пайда болса, міндетті түрде төсек режимін сақтауы керек. Дене қызуы 38-ден түспесе, дене қызуын түсіретін дәрі беру керек. Егер дене қызуы мүлдем түспесе, міндетті түрде дәрігер шақыртқан дұрыс. Үйде емдеп, жазып алам деген дұрыс емес. Аурумен күресудің бірден-бір жолы — таза ауада серуендеу, дұрыс тамақтану. Спортпен шұғылдану. Бүгінде балалар мен оқушылар тиісті екпелерін алуда. Күзде балаларға тұмауға қарсы екпе салынды. Қандай да бір екпе салынбас бұрын, баланың ата-анасына алдын ала ескертіледі. Бүгінде қаламыз бойынша балаларға коронавирусқа қарсы және тұмауға қарсы екпелер салу қарқынды жүргізілуде. Мақпал Ноғайбаева
Мәлімет көзі: https://jasqazaq.kz/2021/11/26/bakhytgyl-rakhysheva-ekpeden-bas-tartpagan-zhon/